kk ru
kk ru
Responsive image
Салық төлеуден жалтарған өңірлер белгілі болды
Жаңалықтар / Қоғам 12 тамыз 2018 ж.
inform.kz

Салық төлеуден жалтарған өңірлер белгілі болды

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ағымдағы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың төленбеген салығының жалпы сомасы 19,4 млрд теңгені құрайтынын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, жеке тұлғалардың төленбеген салығының жалпы сомасы 19,4 млрд теңгені құрайды. Уақытында төленбегендіктен, есептелген өсімпұл сомасы - 7,5 млрд теңге. Осылайша жеке тұлғалардың салық берешегінің жалпы сомасы 26,9 млрд теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылдың басымен салыстырғанда жеке тұлғалар бойынша берешек 6,7 млрд теңгеге немесе 52 пайызға өсті», - делінген комитет таратқан ақпаратта.

Сонымен, аталған ведомство мәліметіне сәйкес, жеке тұлғалар бойынша салық берешегінің ең үлкен сомасы мына аймақтарда тіркелген: Алматы қаласында жалпыреспубликалық салық берешегі сомасынан 7,2 млрд теңге немесе 27,0 пайыз; Астана қаласы жалпыреспубликалық салық берешегі сомасынан 3,6 млрд теңге немесе 13,3%; Алматы облысы жалпыреспубликалық салық берешегі сомасынан 3,1 млрд теңге немесе 11,4%; Түркістан облысы жалпыреспубликалық салық берешегі сомасынан 2,7 млрд теңге немесе 9,9%; Қарағанды облысы жалпыреспубликалық салық берешегі сомасынан 1,8 млрд теңге немесе 6,8%.

Республика бойынша жалпы борышкерлер саны 1 409 864 адамды құрайды. Бұл ретте жылдың басымен салыстырғанда төлемеушілер саны 179 484 адамға немесе 14,6 пайызға ұлғайған.

 Борышкерлердің ең көбі мына аймақтарда тіркелген: Алматы облысында - 212 180 жеке тұлға; Түркістан облысында - 209 239 жеке тұлға; Астана қаласында - 137 574 жеке тұлға; Алматы қаласында - 127 219 жеке тұлға және Жамбыл облысында - 120 016 жеке тұлға.

«Жеке тұлғалардың көлік салығы 20,2 млрд теңге немесе салық берешегінің жалпы соммасының 75,1 пайызын құрайды. Бұл ретте көлік салығы бойынша борышкерлер саны - 842 213 адам. Көлік салығы бойынша ең үлкен берешек соммасы мына аймақтарға тиесілі: Алматы қаласында 4,9 млрд теңге; Астана қаласында 3,0 млрд теңге; Түркістан облысында 2,2 млрд теңге; Алматы облысында 2,0 млрд теңге; Жамбыл облысында 1,5 млрд теңге», - деп атап өтеді комитеттің баспасөз қызметінен.